Астана қаласы Мәңгілік Ел 22/1
77.astana-bilim@edu.kz
Байланыс тел: 8 (7172) 24- 88-75
Астана қаласы Мәңгілік Ел 22/1
Фариза Оңғарсынова - қазақ ақыны, халық жазушысы, журналист, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің I және II шақыруларының депутаты (1996-2004). Әкесі - Иманғалиев Оңғарсын. Анасы - Иманғалиева Қалима. Ұлы - Оңғарсынов Әнуар. Немерелері – Анита, Алан, Әнел.
1939 жылдың 5 желтоқсанында Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған.
1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркін қала, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ мектептерінде ұстаздық еткен.
1966-1968 жж. Гурьев облыстық "Коммунистік еңбек" газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкер болып істеген.
1968-1970 жж. республикалық "Лениншіл жас" газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілші қызметін атқарған.
1970-1978 жж. республикалық "Қазақстан пионері" газетінің бас редакторы, 1978 жылғы желтоқсаннан "Пионер" журналының бас редакторы болып істеген.
1978-1996 жж - республикалық «lino-Hep» (қазіргі «Ақ желкен») журналының бас редакторы. ҚР Парламенті Мәжілісі 1-ші және 2-ші шақырылымдарының депутаты (1996-2004).
Ол «Құрмет белгісі», І дәрежелі «Достық», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Фариза Оңғарсынова халық қалаулысы, қоғам қайраткері ретінде мемлекеттігімізді нығайтып, тәуелсіздік мұраттарын орнықтыру ісіне үлкен үлес қосты.
Қазақтың өр мінезді, асқақ рухты ақын қызы Фариза Оңғарсынованың жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.
ІІ БӨЛІМ
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ
Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Әр жылдары 20-дан астам өлеңдер жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, "Біздің Камшат" повесі, аудармалары "Жазушы", "Жалын", "Молодая гвардия" баспаларынан жарық көрді.
Орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды казак тіліне аударған.
Фариза Оңғарсынованың өлендерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алуымен ерекшеленеді.
"Жүрек енеің..." деген өлеңіндегі төмендегі жолдарды оқыған кезде азаматтық сарын, ар-ождан тазалығына тәнті боласыз, немесе ақын арсыз жандардың жағымсыз жат қылықтарын ашына былайша жырлаған:
Не қасиет күтерсің бүгінгі елден,
Жасқаншақтап күйеудей үрын келген.
Айтар сөзін көмейге көміп қойып,
Күн кешеді қорқумен, дірілдеумен.
Ақынның творчествосына тән басты қасиет — шындыкқа бас ию. Оның бүл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп түрады. 1979 жылы жарық көрген "Сенің махаббатың" жинағындағы "Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы" атты поэмасы ақын творчествосының шындық шырқауы, негізгі қағидасы. Шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім сияқты философиялық категориялар Ф. Оңғарсынованың поэзиясында нанымды, салмақты көрініс тапқан.
1967 жылы "Бұлбұл" деген атпен тұңғыш жыр кітабы жарық көреді.
1984 жылы "Үйім — менің Отаным", "Маңғыстау монологтары", "Революция және мен" өлеңдері топтамалары үшін (1979 ж.) Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, "Құрмет Белгісі" (1976 ж.), "Парасат" ордендерімен (1996ж.) марапатталған. Республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған.
Халыққа білім беру ісінің үздігі (1985).
Қазақстанның халық жазушысы (1991).
Қазақстанның халық ақыны.
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Өлеңдер жинағы:
Өлеңдер жинағын келесі сілтеме арқылы көре аласыз
ІІІ БӨЛІМ
ПІКІР МЕН БАҒА
«Фариза поэзияға қанат қағып алғаш қосылған кезден бастап, бүгінгі қазақ поэзиясының падишасына айналып, бүкіл өмірін шығармашылыққа арнады»
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
«Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде Махамбет өлеңдерінің екпіні, Махамбет өлеңдерінде ғана кездесетін, лирикамен қатар жүретін ашу-ыза екпіні бар. Фаризаны мақтау қажет емес, мақтану керек»
Екі ауыз сөз
Сол биіктерге көтеріле беру, сол тереңдікке бойлай беру, сол адамгершілік қасиеттерді толықтыра беру — ақын-жазушының бәріне ортақ арман. Мұның екінші аты, ең дұрыс аты — адам жанындағы, адам рухындағы тереңдік.
Тегінде биік көтерілу мен тереңге бойлау деген бірі жоғары, бірі төмен тартқандай көрінгенімен ақын-жазушылар үшін оның мағынасы екеу емес, біреу: екеуі де ой мен көркемдіктің өресі әрі биік, әрі терең болуын талап етеді. Идеялық және көркемдік тұтастығы дейтініміз сол биікте, сол тереңдікте ғана тоғысады. Мен Фариза қызымызды осыны іздену жолында көремін.
Қай халықтың әдебиетін, қай кездегі әдебиетін алып қарасаңыз да, өз ішінде байқалатын қарайластары болады. Өмір ортақ, тақырыптар ортақ, күнделікті таласы да, таразысы да ортақ, арманына қарай ұмтылысы да ортақ болған соң әр дәрежедегі қарайластықтар да табиғи жайға жатады. Мен ақын Фаризаны бүгінгі поэзиямыздың ең жоғары сатысында тұрған замандастарымен қарайлас биікте көремін.
Бұдан недәуір ертерек жылдарда, жас та болса қалам ұстасының беріктігіне өзі әбден сенген кезінде Фариза атақты «Өлеңін» жариялаған еді. Ақынымыздың бұл шығармасын мен өмірлік программасы екен деп түсініп едім. Ол өлеңінде тайсалмай берілген батыл сенім оқушылардың ойында қалған болу керек. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезде, кешегі досының бүгін жерінгенін көргенде, шын ақынның жарылып кетердей болған кезінде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, сырласы, атар оғы, берер дәрі-дауасы — поэзиясы болмақ-ты.
Көңілді, жайлы күнімді,
азапты қайғы-мұңымды
өзіммен бөліскенің үшін,
қатем мен жеңістерім үшін,
менің мынау қиындау тағдырым болып
о баста көріскенің үшін,
Өлең, мен сені аялап өтем! — деген-ді.
Ғабит МҮСІРЕПОВ,
Емхана. Түн. Алматы 15.XII. 1974 жыл.
Фаризаны оқысам, қанаттанып қаламын
Өнердің басқа салалары сияқты поэзияда да талантты ақындар сирек туады. Біздің қазақтың үлкен поэзиясының тарихы да осындай ірі ақындардан жаралған. Сондықтан да біз Абайдан басталатын халқымызға мәлім ақындарды атағанда, олардың еңбектерін әңгімелегенде, соңғы жүз жыл бойындағы қазақ тарихының белестерін, қазақ поэзиясының асарларын көреміз. Мен жасы елуге қадам басқан Фариза Оңғарсынованы осы тарихи тізімдегілердің қатарына қосамын.
Біздің ақындық бойымыздағы кемшіліктерімізге қарамастан, ол кемшіліктерімізді көре-біле тұра, өзімізді олқысынбаймыз ғой. Біз халқымыздың жан сырын, үміт-арманын, қуаныш-күлкісін, ызалығын, махаббатын түгел жеткізетін поэзия жасадық дейміз. Сол поэзияның соңғы жиырма жыл бойындағы ауыр жүгін аса қиын күндерде қорықпай, тартынбай көтеріскен ақындарымыздың бірі — осы Фариза.
Толқын соңынан толқын жалғасып келеді. Қазақ тілін, қазақ поэзиясын кемелдендіре беретін, оның философиялық және эстетикалық ой-сезімдерін әлемдік деңгейге теңестіре түсетін үміт-сеніміміз жастар десек, олардың алдында тұрған бастаушы жүйріктеріміздің бірі — осы Фариза.
«Қарашы өз бойыңда түгел ме екен,
Ыстық жүрек, оң шырай, қуат пен күш», - дегенді Абай кілең құлағымызға құяды да тұрады ғой. Осындай ұстаздық сөзді ол тұрғысынан — өз мінбесінен Фариза құлағымызға көп құяды. Мен оның монологтарынан адам өзіне-өзі үңілмей, өзіне-өзі төрелік айтатын болмай тұрып, адам емес екен дегенді көбірек жаттаймын.
Ұят-ұят дегеніміз — әрқайсымызды іштен тежейтін күш. Абай бізді өзімізді-өзіміз тежей білуге шақырған.
Фариза да бүгінгі қазаққа осы сабақты өзінше оқытады.
Фаризада халықтық рух бар, ол — елімен бірге, қазағынан бөлінбейтін ақын. Оның тілі жүйрік, өткірлігі мен тапқырлығы, қанағаттығы бәрімізді де қызықтыратын, қуантатын ақын.
Абай бастаған ұлы ақындары бар елде қыздан шыққан Фаризасы болу да қазақ елі үшін керемет жарасым. Мен осы жарасымды көргеніме бақыттымын.
Әбділда ТӘЖІБАЕВ
Желтоқсан 1988 жыл.
Поэзияның дүлділі, прозаның шебері
Шын ақынға проза жазу жат емес. Ақын жазған проза ақ өлең сияқты, қара сөзден балқыған күміс тамшылап тұрғандай әсер етеді.
Мысалы, орыс поэзиясының пірі Пушкин жазған прозаны алайық. «Капитан қызы». Оны қайта-қайта оқи бергің келеді. Пугачев көтерілісіне байланысты жазылған бұл хикая адам жанын тебірентіп, геройларының тағдыры өз тағдырыңдай көрініп, сол оқиғалардың ішінде өзің жүргендей боласың.
Поэзия мен проза жұптасқан мұндай мысалдар көркем әдебиетте аз кездеспейді. Әріге бармай-ақ, күні кеше арамызда жарқылдап жүрген ақиық ақын Ғафуды алыңыз. Оның «Елтінжалы» поэзия мен прозаның аймаласуы екен деп қаласыз.
Ал енді заманымыздың заңғар ақыны Фариза Оңғарсынованы алар болсақ… Поэзиясы — шың. Прозасы — сол шыңды тіреп тұрған шоқылар.
Айталық, Арқаның ат құлағы көрінбес ақ бораны. Айдала. Адастың. Бір тал шырпы табылып, қарағанның бұтағын сындырып, тасада от жағасың. Жылынасың. Фариза өлеңдері сондай.
Айталық, айналаңның бәрі ақ шағыл құм. Арқалағаның алтын. Күн ыстық. Шөлден өліп бара жатсың. Алдыңнан мөлдіреп бұлақ кездеседі. Шөлің қанып, тірі қалдың. Фариза ақын шығармалары сондай. Сонда алтын қымбат па? Нағыз поэзия қымбат па?
Сірә, Фаризаның проза жазуына оның әу баста журналист болуының әсері деп ойлаймын. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің Батыс облыстарындағы меншікті тілшісі болды.
«Шашы ағарған қыз» повесі сол жылдары туса керек. «Келіншек» те. Алғашқысы сонау азамат соғысы кезіндегі алқын-жұлқын алапат күндерді еске салады. Сөз басында «Капитан қызын» еске алғаным тегін емес. Анда да соғыс, мұнда да соғыс. Соғыс — адам тағдырларын сапырылыстыратын сұрапыл дауыл ғой. «Махаббат пен ғадауат майдандасқан аламан дүние».
Фариза прозасындағы эссе — қара сөз дегені болмаса, баяғы сол есіліп тұрған поэзия.
Және шырылдап тұрған шындық. Ол ақындар Әбділда Тәжібаев туралы болса да, Мұқағали Мақатаев туралы болса да — кәнігі кәсіпқой сыншылар айта алмаған сырды айтады. Бұл — сын да емес, сыр. Және шын сыр.
Осындайда бір әпсана еске түседі: Орман. Әзәзілдер. Және бір бүкір. Күн жұма. Әзәзілдер: «Сейсенбі! Сейсенбі!» деп айқай салады. Бүкір де күн жұма екенін біле тұра «Сейсенбі! Сейсенбі!» деп әзәзілдерді қостайды. Бүкірі жазылып кетеді.
Тағы да орман. Әзәзілдер. Басқа бір бүкір. Күн жұма. Әзәзілдер: «Сейсенбі! Сейсенбі!» деп айқайлайды. Бүкір: «Жоқ! Жұма! Жұма!» деп қасарысады. Арқасына екінші бүкір пайда болып шыға келеді.
Шындықтың «сыйы» осындай. Шындықты тек шын дарын иелері ғана айта алады.
Фариза Оңғарсынова — поэзияда да, прозада да тұяғы мұқалмаған хас дүлдүл.
Шерхан МҰРТАЗА
IV БӨЛІМ
ЖЫР-АРНАУ
Фаризаға
Фариза!
Фаризажан, Фариза қыз!
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден-біріміз арылармыз.
Біздерді де іздейтін жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де.
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып
Тастағысы келеді күресінге,
Фаризажан, сен соны білесің бе?..
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
Серіппесі үзіліп, тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын.
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім…
Ақын болып несіне жаратылдым,
Арасында қап қоймай қара түннің.
Қасиетін сезем деп Ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның.
Қу тірлікке құл болып, аяқ басып,
Құлашымды жая алмай баратырмын.
…Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттім олардың қия белін.
Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды,
Жия бергім келеді, жия бергім.
Мандайымнан сипаған бір жан болса,
Енді қалған өмірімді қияр едім.
Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?
Кеп тұрады телігім мұңды-мұңға.
Енді қалған өмірдің құрдымында,
Өлтірсе де көмбеймін жырды құмға!
Нөл болады деп айтам, жалтармаймын,
Көбейтсеңде қаншама мыңды-мыңға.
Айналаға қарайық анық барлап,
(Түн кеткесін, күн шығып, жарық болмақ).
Не туралы жазсақ та, Фариза ақын,
Бағыштайық бәрін де халыққа арнап…
Фариза!
Фариза ақын, Фариза қыз!
Бірімізден-біріміз арылармыз.
Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,
Подвалдағы архивтен табылармыз…
Мұқағали МАҚАТАЕВ
Ертегі
Қара Аспанның Өң мен Түсі түйіскен
Шұғыласында
Періштелер сүйіскен.
Тіршілікті жарататын (тыныстан!)
Сана – сондай!..
Жапырағы — алтын, күміс Тал
Со жерде екен баяғыдан!…
Бүгін де
Түндей терең Тұма-Көз бар түбінде.
Әлгі Талдың
Еркек әрі ұрғашы
Тұма-Көзде
Дірілдеген сұлбасы
Ақыл аңқып, көңіл аңқып тұр гүлдеп!…
Оған жетсе, қияңқылдау, күлгіндеу
Қиял ғана жете алады.
Өзгесі
Опат болар, Обалменен кездесіп.
…Күндер де күн санадан тыс көштім де,
Қияңқылау күлгін қиял кескінде
Мен де жеттім Тұма-Көзге!
Үңілдім,
Жұмбақ түрін көрмек болып ғұмырдың…
Тұма беті бір сурет жаратты:
Тарпаң едім… Адам екем қанатты!..
Қасақана сенбейтіндер сөзіме
Хас Ақынның үңілсе еді Көзіне…
Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ
Семей. 14 сәуір, 2004 ж
Өлекселер патшалығы
Көзіңнің күн тамады шарасынан,
Сөзіңнің қан тамады жарасынан.
Сау шыққан аздың бірі сенсің, апа,
Қаптаған өлекселер арасынан!
Үй тігіп — қарлы тауға өлең ексең,
Қитығып — көзге ұрғасын сен ерекше —
Тұрады көз қайрасып,
Сөз байласып,
Қоспақ боп қатарына көп өлексе.
Сіңірген тұл бойына жат шалығын,
Олардың кесіп қойған ақша құнын.
Хақ сүйген адам ғана аман өтпек,
Қақ жарып Өлекселер Патшалығын!..
Сүреді өлекселер — абат өмір,
Тірегі — бауға оранған жанат — өңір.
Халықты теуіп тыққан тар төлеге,
Жарықты тартып алған — Қара Тобыр.
Содан соң шіренеді үкіметше,
Тағынан таяды олар: шүкір етсе!
Болжалсыз шошымай көр болашақтан,
Табыттар — халықтарға үкім етсе!
Білмеймін, артым — аран,
Алдым көрдей,
Билікті тұр Абызға малғұн бермей.
Ғаршыға қол ұсынам,
Жан ұшырам
Ішінде өліктердің қалғым келмей!
Жалғанда ақын өлсе — арман сөнер,
Салтанат құрар сосын алдамшы өнер.
Ертіп кет, апа, бақи сапарыңа —
Кеудемде шығар-шықпас жан болса егер!..
Светқали Нұржан
V БӨЛІМ
АЛҒАШҚЫ ӨЛЕҢ
(ӨЗ ЕСТЕЛІГІНЕН)
«5 – сыныпта оқитын кезіміз болса керек. 5-6 бала болып үйге қайтып бара жатқанбыз. Арамызда Хайролла деген ұрыншақ бала болатын. Сол Ләззат деген сыныптасымның жүйкесіне тисе керек. Зығыры шықты ма кім білсін бірде Ләззат сүмкесін алып Хайроллан қағып кеп салды.
Мұндай әрекетті күтпеген болуы керек, хайролла орнынан ұзарып барып сұлап түсті. Осы кезде білмеймін, аузыма Құдай салған болу керек:
Жылтың-жылтың бала,
Хайролланы қара.
Ләззатқа жеңіліп,
Құлап қалды жаңа, -деп өлеңменен айтып жіберіппін.
Мен үйге келсем әлгі сыныптастарымның бірінің анасы келіп менің анамы: «Сенің қызың өлең шығарады екен ғо»,- деп келіпті. Сонда анам: «Несі бар, менің қызым кейін өскенде үлкен ақын болады»,- деп жауап қайтарды. Сол түні мен алғаш ретақын болсам деген арманмен көз ілгенім есімде...»
АЛҒАШҚЫ МАХАББАТ
(Ақұштап Бақтыгерееваның «Менің Фаризам» естелігінен)
... Бұдан кейін жұмыстан шығып көп сырласатын болдық екеуіміз. Шақырған жерге, театрға, Одақтағы жиналыстарға бірге баратын едік. Кеш қалсақ бір үйге қона салатынбыз. Кейбір қағаздарымыз да, кітаптарымыз да аралас жүретін, тамақты да бірге ішетінбіз. Әңгімеміз мектеп, ауыл, баяғы өткен балалық жайлы болатын. Бала махаббаттар да еске алынатын. О, шіркін, оралымы жоқ сол бір балғын шақты көзге елестету неткен бақыт десеңші.
Фариза кішкене күнінде жақсы көрем деген ұлмен төбелесе кетеді екен, оған өзі әбден мәз болып күлетін. Мен жайлы әңгіме қысқа болатын. Маған ұнайтын жігітттің қызы болғанын, мектепте хат жазған ұл көрші қызына үйленіп, мен үшін өліп қалғанын айтатынмын (ол, шынында өмірден ерте кеткен).
«Өліп қалды» деген сөзге Фаризаның өңі сұп-сұр боп кетті. Үнсіздік. Жанарына қарап едім, мөп-мөлдір бір тамшы жас тұр екен. «Көңіл шіркін, көк дөнен», мен өзімнің 26 жасыма онша алаңдамай, отыздан асып бара жатқан Фаризашқа жаным ашып, жүрегім ауырады. Қай сөздің көңіліне қатты тигенін аңғара алмай қалдым. Айтқандарымның бәрін ой елегінен қайта өткізіп отырдым. Үнсізбін. Бір кезде ауырлау тұрды да, келесі бөлмеден күнделік секілді қалың блокнотын әкелді. Арасына мектептің тор көз дәптерінің бір бетіне оралған көне кішкене суретті шығарып, менің алдыма тастай салды. Басына біздің заманның ұлдары киетін қарапайым құлақшыны бар қыстық киіммен түскен орта бойлы, көздері күлімдеген, жүзі жылы, ақсары жас жігіттің фотосы еді. Жаңа емес, біраз ұсталған көне сурет. Мен үндегенім жоқ, суретті қолыма алып, жақынырақ үңіліп қарадым да қайта орнына қойдым. Фариза тіл-аузы байланғандай үн-түнсіз. Қашанғы шыдайын, «Ол қайда? Гурьевте ме?»,- дедім. «Жоқ»,- деді Фариза жұлып алғандай тіксініп.
Ұлттық руханиятымыз орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Ұзын-ырғасы екі жылдай уақытқа созылған дауасыз ажалмен мігірсіз айқас біржолата тынды. Періште әуезді перен ақын мәңгілікке көз жұмды. Қазақтың жұлдызы быжынаған жазғы аспанындай зеңгір көгіне жарық самала мәңгілікке орнады. Өтіп бара жатқан дәурен-ай десеңізші. Фариза екеуміз бір жылдың, бір айдың төлі едік. Әдебиетке бірге келіп, жарыса жазып едік. Оның жазғандарына өз жазғанымнан бетер қуанушы едім. Алған асуларына, шыққан шыңдарына еріксіз сүйсініп, ерекше тамсанатынмын. Шынында да, ол тал бойында бір міні жоқ ұлы ақын еді. Сондықтан да оның туындылары жарық көрген бойда қалың оқырман қауымның жүрегіне жол табатын.
Үлкен де, кіші де, әйел де, еркек те бірдей қадірлеп, төбелеріне көтеретін. Қазақ елінің қай түкпіріне барсаңыз да оны өз перзентіндей аялап, әлпештейтін. Ол ел арасында ақылман Абайдай, алдаспан Махамбеттей, айтқыр Қасымдай, ақиық Мұқағалидай айрықша қастерленетін. Нағыз бүкілхалықтық махаббатқа ие еді. Жұрт оны алмастай тіліп түсер өткірлігі үшін, қара қылды қақ жарған әділдігі үшін, бет қаратпас алапат батылдығы үшін өліп-өшіп жақсы көретін. Оның ауырып жатқанын естіп бүкіл оқырман қауым дүр көтеріліп, тебіреніп-теңселіп кеткен-ді. Шетелден тезірек айығып келуін тіледі. Жолын күтіп сарылды.
Кезекті жыл кітабы деп ақынның «Дауа» атты жинағы аталды. Соған арналып жер-жерде ұлы думан тойлар, жыр кештері өткізілді. Ауруханада жатқанында оның шығармашылығына баспасөзде арнайы беттер берілді. Шынайы тілеулестік лебіздер айтылды. Мұндай әр сөзінен от шарпыған ыстық махаббатты өз тұсында Абай да, Махамбет те, Қасым да, Мұқағали да көре алмай кеткен-ді. Олар өмір сүрген өгей дәуір өте қытымыр еді. Ал Фариза көріп кетті. Бұлай болуы да әбден заңды еді. Өйткені, оның тұсында халық махаббатының жарқырай көрінуіне айдын жол ашылды.
Оның үстіне Фаризаның өзі де соған лайық еді. «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген осы еді. Халық махаббатының айдынында жүзген ақын даңқы өзінің жеңімпаздық жолын жалғастыра бермекші. Ел сүйіспеншілігі еселене түспекші. Өйткені, Фариза соңына өлмес, өшпес мұра қалдырып кетті. Әрлі де нәрлі өлеңдерін қалдырды. Аяр ажал бәрібір дегеніне жете алмады. Ақ семсердей жарқылдаған жасын жыр әлі де өз дегенін істей бермекші. Аяулы ақынға деген ел махаббаты үстеген үстіне үстей бермекші. Мәңгілік ғұмырын бастаған ақын даңқына бәріміз бас иеміз.
Бақұл бол, Фариза.
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ
ДАРА ТҰЛҒА
Өмірден Фариза Оңғарсынова озды. Аяусыз тағдыр деген осы. Халқының ардақтысы болып, оқырманның жылы алақанының лебінен басқаны сезіне білмеген ақынын тағдыр алды да кетті. Елін еңіретіп, қайғысын қалыңдатып, ең қымбатын тартып әкетті. Оған бүгін қазақтар ғана емес, Фариза жырын оқыған, өзімен көрісіп жүрген туыс халықтар да ден қояды.
Фариза жыры алғашқы көрінгеннен-ақ Әбділда ақын бастатқан қазақтың өлең сүйер қауымын бірден қуанышқа бөлеп еді. Өйткені, ол өз буынының, жас құрдастарының жан сырын жеткізе білумен шектелмей, аға ұрпақтың, жалпы адам баласының қуанышы мен сырын, қайғысы мен мұңын түгел қамтып айта алды. Өзі тұйықтау болғанмен, өлеңінде ой мен сезім мол еді. Шыншылдықты, әділеттілікті ту етіп ұстады. Оның өлеңдерін үлкендер де, жастар да, өз замандастары да жатқа айтты. Өмір деген күрделі ғой. Кейде оқиғалар да, айтылар сөз де қайталанып жатады. Ал әдебиет табиғатына қайталау жат.
Фариза, тіпті, ешкімге ұқсамайтын дара талантымен танылды. Ол жаны сүйгенді, сүйсінгенін, түйсінгенін, көңілі қалып жерінгенін жазды. Оның отаншылдығы, патриоттығы жалаң патетикадан емес, жер мен ел туралы ойынан, сезімінен туды. Ол қазақ тарихын жүрек көзімен саралады. Ол биік рухтың ақыны болды. Оның рухтылығы да, туған топырағы мен Отанына деген шынайы сезімнен жаралған. Табиғат оның егізі еді. Сондықтан да ашық күнге қуанып, жаңбырға қарап қамығып, көктемде шалқып, дауылға қарап бұрқанып өмір сүрді.
Ол табиғат пен адамның құпия сырларын жақсы түсінді. Олардың тазалығын, пәктігін ардақтады. Соны бойына, жырына дарыта білді. Фариза адам есебінде де, дарын-талант есебінде де ірі, кесек мінезді, жігіттің сойы дерлік, ерке, батыр қыз еді. Ол өмірдің ұсақ-түйегіне алаңдамады. Ірілікті, мәрттікті сүйді. Оның астарында әйелдік сезімнің байлығы жатады.
Ол махаббатты ұлы сезім санады. Оған бас иді. Оны сүйе білудің азабы деп ұқты. Сезім нәзіктігін паш етті. Онда жасандылық жоқ еді. Ойшыл болса, шындықты тани білуден, мұңды болса, ақындықтың болмысынан дерлік. Кейде өзін жалғыз сезінетін кездері де аз болмайтын. Бірақ ол ақынның ортасынан, айналасынан бөлінуі емес. Ойларының қолдау таппай қиналуынан туатын.
Соның өзінде ол өмірді шексіз сүйді. Өле-өлгенше азабымен ұстамдылықпен, табандылықпен алысты. Фариза біздің заманның, адамзаттың биік үлгідегі ақыны болып қалды. Қош, қарындасым, талантым. Сен жөнің бөлек дара тұлға едің. Алдың жарық болсын.
Астана қ., «Есіл» ауданы, Мәңгілік Ел көшесі,22/1.
+7 (7172) 248-875